Ш.Есенов атындағы КМТИУ кітапхана

Библиотека КГУТИ имени Ш.Есенова

Білім - теңіз, түбі де, шегі де жоқ.


Жүсіп Баласағұин

 

БҮРКІТ АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ

Еліміздің тәуелсіздігі өткен тарихымызды терең зерделеп, барымызды бағамдауға, жоғымызды түгендеуге жол ашты. Ел есіндегі әулие- әмбиелеріміз бен батыр бабаларымыздың, билеріміз бен сахи-мырзаларымыздың ел алдындағы еңбектерін кеңінен дәріптеп, лайықты бағаларын беруге, құрмет көрсетуге мүмкіндік туды. Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткең 362 әулие мен пірдің соңы Бекет атамызға мәңгілік қоныс болған Маңғыстау - өз тарихында бірлік пен елдікті, еркіндік пен ерлікті ту еткен батырларды, от ауызды би-шешендерді, айналасын имандылыққа ұйытқан зайырларды, еліне ырыс болған сахи-мырзаларды өмірге әкелген өлке. Халқымыз да асылдарын ешуақытта естен шығарған емес.

Ақбота руының ауызы дуалы, айтқаны мүлт кетпейтін, назарлағаны жазым болмайтын перзенті Бүркіт атамызды бүгінгі ұрпақ пір Бекеттің тұстасы, замандас жолдасы, табиғаттың небір тылсымдарын дөп басатын көріпкел емші, сондай-ақ берген батасы қабыл болатын зайырлы тұлға деп біледі.

Қазақ пен түркменнің арасында бітімгерлік саясат жүргізіп, Маңғыстау өңірінде мешіттер мен медіреселер салдырған, халықтың діни сауатын ашқан. Бұл туралы Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 2-томының 485-бетінде «Бүркіт ата Ақботатегі - 18 ғасырдың 2-жартысы мен 19 ғасырдың бас кезінде өмір сүрген би, көріпкел әулие. Бүркіт ата қазақтар мен түркмендер арасындағы бейбіт қатынасты реттеуші мәмілегер. Мешіттер мен медіреселер санын көбейтіп, халықтың сауаттануына ықпал еткен ағартушы-пірәдар ретінде есімі елге кең тараған. Бозашы шөлінен шыңырау құдықтар қаздырып, ауыз су мәселесін шешуге ұйтқы болған. Бүркіт ата туралы аңыздар көп. Оның бейбіт сыртқы саясатын ұрпақтары Ерназар би, Мұса молда сәтімен жалғастырған. Молда Мұса Ерназарұлы-1832жылы маңғыстаудың табиғатын барлап, Қызылтас қамалын салдырған саяхатшы, зерттеуші Г.С.Карелинмен келіссөз жүргізген ақсақалдардың бірі» деп жазылып, халқына шарапатын тигізген Бүркіт атамыздың ел алдындағы еңбектеріне жоғары баға беріледі. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Ұйқыдағы арудың оянуы» және белгілі қаламгер-журналистер Әбілқайыр Спан мен Жанат Нұрмаханованың «Қара шаңырақ» еңбектеріне сүйеніп жазылған бұл жолдардың айна-қатесіз ақиқат екендігіне күмән келтіруге болмайды. Бұркіт атамыздың тарихи тұлға ретіндегі саясаткерлік, мәмілегерлік, діни ағартушылық, тіпті көріпкелдік, әулиелік, шипагер-емшілік, батагөйлік, қала берді сынықшылық, тамыршылық қасиеттерінің әрбіреуі өз алдына дербес зерделеп, зерттеуді қажет етеді.

Бүркіт ата туған Ақбота руынан тараған елімізге белгілі ірі ғалым, марқұм Қабиболла Сыдиықов ағамыз да «Елеулі есімдер. Бағалы басылымдар» деген еңбегінде «Бүркіт ата» - Маңғыстаудың Бозашы түбегіндегі Тасорпа деген жердегі киелі қорым. Мұнда көріпкел, әулие Бүркіт ата бейіті бар. Бүркіт ата шамамен XVIII ғасырдың орта шені мен XIX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген Ата қонысы да осы өңір. Бүркіт ата Адайдың Келімбердісі, оның Айтумыс (Жеменей) - Ақбота - Байгелді әулетінен Байгелдінің төрт баласының бірі Орыстан Бүркіт ата туған

Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Бүркіт ата - Бекет атаның замандасы. Бөкен Байсалмен құрдас екен ал Байсал баласы Мыңкісіге бата беріпті делінеді. Мыңкісі де, оның ұрпақтары да атақты сынықшы-шипагерлер болғаны мәлім.

Өз дәуірінде де, дүние салғаннан кейін де аруағына сиынғандарға Бүркіт ата шапағаты тиген. Бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді.

Бүркіт ата бес ағайынды, өзінің төрт-бес баласы болған. Ұрпақтары Маңғыстау, Атырау облыстарында тұрады» деп жазып, Бүркіт атамыз өрбитін Ақботаның тақталарын таратып айтып, аруақты абыздың көріпкелдігі мен батагөйлігін дөп басып көрсетеді.

Бүркіт ата Бекбаулы сынықшы, т.б. секілді біртуар тұлға. Ата туралы ел есінде сақталған аңыздар да аз емес. Жасы ұлғайып шау тартқан шақта Бүркіт атамыз

немере келіні босана алмай, толғақ қысып, жан азабын тартқанда, қатты қиналған деседі. Бұл туралы Жарқынбай Заханұлы бұрынырақта жарық көрген «Абыздың ақ батасы» деген мақаласында былай деп жазады:

Бүркіт ата өзінен медет табуға келген балаларына: - Асылы арты жаман болмас, құдай тілекті берер, үмітсіздіктен сақтасың құбыла бетке көз салыңдаршы, қырық бір құмалақ жаңсақ сөйлемес, жетегінде екі түйесі бар ақбоз атты бір жасөспірім көрінер, сол баланы маған әкелсеңдер, -деген екен

Айтқанындай, жетекте екі түйесі бар ақбоз атты жасты атамызға жеделдете әкелгенде:

-Әп бәрекелде, құдай оңғарған екен. Бақытың ашылсын, маңдайың ашық, жолың сара болсың жарқыным, бұл келісің әдейі емес, Алла тағаланың сілтеуі! Қолыңа мына орамалды жайып ұстап, биссмиллаңды айтып, қиналып тұрған жеделдес жеңгеңді бетінен сипап, үш дүркін су бүркерсің, мұны атаның талабы деп орында,- дейді.

Жасөспірім ата тапсырмасын айтқанындай етіп орындаған сәтте келін де аман-сау босанып, перзентін дүниеге әкеледі.

Сонда Бүркіт ата жас өскінге:

-Уа, жарқыным, балам, әлдебір себеппен тап болғаныңның өзі бізге үлкен қуаныш әкелді. Бұл Аллатағаланың қарымы, қалды сенің бойыңдағы қасиет-киенің құдыреті. Жолың ашық, пәле қашық болсың қызметің Алладан қайтсың - деп, қалы кілем жабылған нар жетектетеді. Осы мезгілде Үлек құдығының басындағы Байсал ауылы да баласын іздеп, әлекке түсіп жатырған. Тағатсыздана берген Байсал алыстан үш түйе жетектеген ақбозатты баласының алдынан шығып, мына тарту-таралғының жайын сұрағанда, Мыңкісі болған жайды толымды жеткізеді. Байсал кілем жабылған нарды жетектеп, Мыңкісісін қасына ертіп, Тасорпадағы Бүркіт көріпкелдің ауылына келгенде, кешқұрым еді. Ақбоз үйдегі еңгезердей, аппақ жылы жүзді қарт бұлар келгенде айырықша пейіл танытып, орнынан тұрып, Байсалмен қос қолдап амандасып:

-Жол қайырлы, құрдас, мына қасыңдағы жастың жүзі таныс, қасиеті етене жақын -дегенде, Байсал: - Иә, жат емес, жақын екеніне құдай куә, бұл менің Бекеттің пейілі, құдайдың құптауымен пешенеме жазылған перзентім Мыңкісі ғой.

-Уа, құрдас, кешір, бұл сенің балаң ба еді? Қасиетіне қанық едім. Тәңірі жарылқасын. Періште әумин десін.

Сонда Байсал:- Бүке, сен де қажиын дедің бе? Балаңа тарту-таралғы бергенше, батаңды берсең етті. Мына кілем жабылған нарыңды өз белдеуіңе байладым, Мыңкісіге батаңды бер, батамен ел көгерер деген бар ғой,-депті.

-Болсын! Балам, бабамнан дарығаң Алла тағала пешенеме жазған қасиетіме табынып, жасөскінім Мыңкісі, саған бата беремің жай қолыңды, таза пейіліңді, ниетіңді құлата бер.

      -Құдай қолдасын, періште оңдасын ата, жайдым қолымды!
      -Биссимиллаһи р-рахмаң р-рахим,
      Уа, жаратқан ием, құдырет,
      Тілегімді қабыл ет.
      Жас өскінім Мыңкісі,
      Қыдыр сені қолдасын!
      Адалдық болсын жолдасың.
      Он саусағың өмірлік,
      Емші болсың талмасын
      Қыдыр берген қасиет,
      Ұрпағыңа дарысың
      Иллаһи әумин!

Жолың ашық, пәле қашық болсын, жарқыным! Табиғаттағы кездейсоқтық пен қасиеттіліктің таңқаларлық көрінісі осы емес пе?

Пір Бекет атамыз Мыңкісінің дүниеге келуіне болжам айтса, Бүркіт ата Мыңкісі бойындағы құдай берген қасиетті дәл аңғарып, бата берген. «Баталы пенде арымас, батасыз пенде жарымас» деп халық айтқандай, осы батаның қабыл болғанына, Бөкен ауылы ұрпақтарының сынықшы, емші болып, елге абыройлы қызмет еткені куә. Батасы қабыл болып, құмалағы ақ сөйлеген Бүркіт атаның дуалы сөзінің қадір-қасиеті бүгінде де ел аузында.

Абыз атаның қоныстас інісі Дәулеталы Қыдырбектің жігіт ағасы шамасында әйелі қайтыс болып, жалғызбасты болып қалса керек. Орайы келіп, сәті түскен бір басқосуда Бүркіт көріпкелмен әңгімеде Қыдырбектің үйленуі керектігі сөз болған.

Сонда Бүркіт абыз: -Қыдырбек, сен алыстан кісі іздеме, осы ауылда Кішкентай есімді қыз бар, соған жіп байла, теріс болмас. Әлдебір шайтан азғырып, таса бастырмаса, оның өзі азуы алты қарыс би, палуан алты ұлдың анасы болғалы тұр, жарқыным, айтқанымды орында,- деген екен. Қыдырбек Бүркіт ата ақылынан асып кете алмаған, сол Кішкентай апамызбен көңіл қосып, айтқандай бірінен бірі өткен би, әрі палуан алты ұлды болып, қуанышы Қыдырбекке пәниден өткенше бұйырыпты. Бүркіт ата ұрпақтарына қысқаша тоқталсақ, Бүркіт Ақботаның немелтайы, 3-ші ұрпағы, Бүркіттің Уса, Муса, Мұста, Иса деген балалары болады. Муса, Исадан ұрпақ жоқ. Уса мен Мұстаның ұрпақтары есіп-өрбіді.

Маңғыстаудың түкпір-түкпірінде пір Бекетке, Қосай атаға, Шотан, Досан, Құлбарақ батырларға, Мыңкісі, Жарылғас аталарға, Ерменбет биге, Қашаған ақынға берілген астар, тұрғызылған күмбездер, салынған түнеуханалар - елдің кіршіксіз ақ пейілдерінің айғағы. Адайдың осындай бірегей тұлғаларының бірі Бүркіт ата Орысұлына да Маңғыстау, Жылыой бойындағы Ақбота азаматтары Құлбарақ батыр ескерткішін салған белгілі шебер Әбіш Кенжебайұлының басшылығымен Жаңаөзеннің ақшаңқан тасынан ақ күмбез тұрғызып, ас беріп, елдіктерін көрсетті. Тасорпа жерінде әулиенің басында өткен абыз атаның асына Маңғыстау мен Атыраудың ойындағы жақсылар мен жайсаңдар бастаған мыңның үстінде адам жиналды. Ас берілер алдында алай-түлей алашаң болып тұрған Тасорпаның үстіне алқалы жиын ашыларға таяу уақытта Алланың нұры - ақ жауын он екі минут сеуіп өтіп, ел-жұрттың көңілін шайдай ашты (Жаратқан Алланың құдіреті мен аруақты атаның шапағатын айтсаңшы, келесі күні астан қайтып келе жатқанда байқадық, ас өткен Тасорпа үстінен басқа жерге бір тамшы жаңбыр тамбапты). Осы жолдардың авторы жарты ғасырға жуық ғұмырының ішінде көк төсіне бірінен соң бірі қатар шыққан қос кемпірқосақты бірінші рет керіп, таң-тамаша қалды. Бұл да Алла мен атаның шарапаты ма деп тамсандық. Абыз атаның асына қонақтар үшін он бір киіз үй және екі палатка тігілді.

Аузы дуалы абыздың асы басталған күні ошақ бәйгісі өткізіліп, Ақботаның алақаны ашық, сахи азаматы Айтқұл Жасақұлы бас бәйгіге кілем жабылған ат сыйлады «Бүркіт ата- ұрпақтар есінде» тақырыбы бойынша мыңнан астам адам қатысқан жиын өткізілді. Алқалы жиынды Қызан ауылының әкімі Ермеш Мизамбайұлы ашты. Асты ұйымдастыру алқасының мүшесі, Қабыл бидің немересі,облыстық соттың судьясы Нұрлыбай Жұмағалиұлы астың мәні мен маңызы туралы айтты. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Кемелхан Есболов «Бүркіт ата және Ақбота ұрпақтары» тақырыбында кең көлемде баяндама жасады. Алқалы жиында Маңғыстау мен Атырау өңіріне белгілі ақсақалдар Итемген Орынбайұлы, Аралбай Қуанбайұлы, Ертілеу Рзиев, Бүркіт ата ұрпақтары Сағи Сауатұлы, Нұрлан Әминұлы, Тәубе Ермағанбетұрпағы, Бақыт қажы Тоқтамысұлы, Оңдас Сарманов аға, Балкот батыр ұрпағы Құдайберген Терекбайұлы, жыршы-термеші Жеткізген Сейітов сөз сөйледі. Жангелдин орта мектебінің директоры Жеткіншек Әуелбайұлы атаға арнап өлең оқыды. Жиыннан соң өнер сайысы етті. Ақбота Бердіхан Есболов әулеті жыршы-термеші Жеткізген Сейітовке ат мінгізіп, шапан жапты. Өнер мерекесі Ақботаның жиені, 1958 жылы қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне қатысқан Әзімбай Бөлеубаевтың «Адай» күйін шалқытуымен аяқталды.

Аламан бәйгеде «Қарағантүбек» шаруашылығының аты дес бермей, бас жүлдені жеңіп алып, сейістері мен шабандозы сүйріктей ақ темір сәйгүлікті мініп кетті. Екінші орынға тігілген кілем жабылған түйені ақтөбелік орыс ағайындар қанжығасына байлады. Палуандар күресіне Ақботаның жиені Төкешұлы Оңғарбай түйе тікті, оны қарсыластарын бет қаратпай жеңген ақтаулық М. Қосақбаев жетектеді.

Аста атаның күмбезін тұрғызуға белсене атсалысқан «Бейнеу жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жаңбырбай Базарбаевқа ат мінгізіліп, шапан жабылды.

Абыз атаның кесенесін сапып, асын өткізуге ұйтқы болған Ақботаның ардақты азаматтары Бақыт қажы, Айтқұл Мақсұт, Бақшабай, Кемелхаң Әділхаң Бақыт сияқты ағаларымыз бен Құдайберген, Асқар, Өсербай, Кәрім, Аманша секілді інілеріміздің еңбектері айтуға тұрарлықтай.

Жалпы Бүркіт атаның асы елдік пен ауызбіршіліктің, ағайын арасындағы татулық пен тұтастықтың үлгісі болды. Ел мен елдің арасында мәміле жүргізген абыз атаның өнегесі мен үлгі-өсиеті Ақбота ұрпақтарының маңдайға ұстар шырағы, көздің қарашығындай қастерлейтін бойтұмары болмақ.

Әбдіғалым СӘРКЕНОВ.

БҮРКІТ АТАҒА ТІЛЕК

Өзі ескермесе өз ерлерің
Басқаның елегенін мен білмедім.
Жаныңа жалау болған абыз Ата,
Естідім өзің жайлы, мен көрмедім.
Маңғыстау! Майлы қиян Ордалы жер
Кім келіп, кім кетпегең азапты жоп
Ақ адал тілегімен келген жанға,
Тарылмай, ошағыңнан ұсындың төр.
Зарығып, тарыққанға пана болдың,
Тілеген екі жасқа бала бердің.
Атаса, айтқан сөзі ақиқат боп,
Тарихта «Таңбалы тас»,-қала бердің.
Еске алып осы күні ұрпақтарың,
Басыңа ақ сарайдан күмбез салып,
Атыңды, атағыңды құлатпады.
Еліңе тар кезеңде сүйеу болдың,
Ерекше бөлек еді төрден орның.
Қиырдан іздеп келіп тәу етуші еді,
Шындықтан шырқап шығып, аңыз болдың
О, ата! Рухыңмен жебегейсің,
«Мынау аз, мынау көпті» демегейсің.
Алдыңда алыс-жақын ағайындар,
Жаны жаз, жүрегі ақ, пейілі шын
Дүние дөңгеленіп шыр айналар,
Тау шегіп, құм тас болып, су да ағар.
Тозбайтың таусылмайтың биіктейтін
О, ата, жүрегімде атың қалар.

Жеткіншек ӘУЕЛБАЙҰЛЫ,
Жангелдин орта мектебінің директоры
Маңғыстау ауданы.

Маңғыстау 05.10.2006